Қазақстан мен Тәжікстан тау-кен саласы бойынша ынтымақтастықты дамытып жатыр
Тәжікстанда «Pamir Invest 2024» халықаралық инвестициялық форумы өтті. Іс-шараға 300-ден астам қатысушы қатысты. Олардың қатарында мемлекеттік құрылымдар, халықаралық ұйымдар және қаржы институттарының өкілдері, сондай-ақ бірқатар елдің инвесторлары мен кәсіпкерлері бар.
Жиынға Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігінің Тәжікстандағы арнайы өкілі Рамеш Худоиев те қатысты. Ол форум барысында Тәжікстан Республикасы Таулы Бадахшан автономиялық облысының Төрағасы Әлішер Мырзонаботпен кездесу өткізді.
Кездесуде тау-кен саласындағы ынтымақтастық мәселесі талқыға түсті. Қазақстандық «Deadalus Mind Project» компаниясы геологиялық барлау, инновациялық технологияларды әзірлеу және өңірге инвестиция тартатын ауқымды жоба ұсынды.
Тәжікстан тарапы қазақстандық мамандардың ұсынысына қызығушылық танытып, тау-кен саласындағы байланысты дамытудың жаңа жолын көздейтін Меморандумға қол қойды.
Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі Тәжікстан нарығымен жұмыс істейтін қазақстандық экспорттаушыларға жан-жақты қолдау көрсетіп келеді. 2023 жылы Тәжікстанмен экспорттық келісімшартқа отырған қазақстандық кәсіпорындар 4,8 миллиард теңге көлемінде қолдау тапты. 2024 жылдың алғашқы 6 айында қолдау көлемі 2,2 миллиард теңгеге жетті. Экспортталатын тауарлар: автокөліктер, лак-бояу материалдары, кондитерлік өнімдер, металл бұйымдары және т.б.