Түркістан облысы кәсіпкерлері экспорттаушыларды қолдау шараларымен танысты
Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі экспортты бетке алған отандық өндірушілермен байланыс механизмін күшейтеді. Осы мақсатта Агенттік өкілдері Түркістан облысына жұмыс сапарымен барып, өңірдің басшылығымен және жергілікті кәсіпкерлер тобымен кездесті.
Жиында бизнесті сыртқы нарыққа икемдеу және жан-жақты дайындау жолдарын көздейтін мемлекеттік қолдау шаралары сөз етілді. Атап айтқанда, жергілікті кәсіпкерлерге Экспорттық-кредиттік агенттік тарапынан көрсетілетін қаржы және сақтандыру құралдары туралы толық мағұлмат берілді.
2017 жылдан бастап түркістандық экспорттаушылар Агенттік көмегімен 4,3 миллиард теңгеге қолдау тапты. Аймақта өндірілетін тауарлардың басым бөлігі Өзбекстан, Қытай, Ресей, Түркия, Италия елдеріне экспортталған. Бұл – Түркістан облысы экспортының 81,8 пайызы.
Іс-сапар соңында Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігінің Алматы қаласындағы өкілдігінің директоры Алмас Қалқаев аймақтағы өндірістік нысандарды аралады. Олардың қатарында Агенттік көмегіне жүгінген Aqniet Holding және Golden Camel Group бар. А. Қалқаев компаниялар жұмысымен танысып, кәсіпкерлерге сыртқы нарыққа шығу жолдары туралы нұсқау берді.
Айта кетейік, Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі қызметін шикізат емес тауарларды өндірумен айналысатын кез келген отандық кәсіпорын пайдалана алады. Кәсіпкерлердің ыңғайы үшін еліміздің әр өңіріне Агенттік жеке менеджер бекітіп отыр.