«Қазақстан-Цзянсу» форумы: дамудың жаңа дәуірі
Бүгін Қытайда «Қазақстан – Цзянсу» іскерлік форумы өтті. Жиында екі елдің іскер топ өкілдері өздерінің сауда, өндіріс және инвестициялық жобаларын таныстырды. Іс-шараға Қытайдың мемлекеттік секторы мен ірі компанияларының басшылары қатысты.
Отандық кәсіпкерлер мен квазимемлекеттік сектор өкілдерінен құралған қазақстандық делегацияны Сауда және интеграция министрі Арман Шакқалиев бастап барды. Ол құттықтау сөзінде екі ел басшысының жан-жақты ынтымақтастықты дамытуға ерекше көңіл бөліп отырғанын атап өтті. Бұл Қазақстан мен Қытай арасындағы байланыстың маңызы мен мүмкіндігінен хабар береді. Сондай-ақ экономикалық және сауда қатынасының жаңа деңгейге шығуы мен екі ел арасындағы тауар айналымының ұлғаюын көрсетеді.
Қазір Цзянсу провинциясының басшылығымен өзара іс-қимылды нығайту бойынша белсенді жұмыс жүргізіліп жатыр. Статистика мәліметтеріне сүйенсек, Қытай провинциясы 552 миллион доллардан асатын сомаға тауар импорттайды. Негізінен импортталатын өнімдер қатарына ферроқорытпалар, мыстан жасалған мыс пен катодтар, пропилен полимерлері, сондай-ақ өсімдік майлары, зығыр тұқымдары, бұршақ дақылдары мен арпа кіреді. Қазақстандық компаниялар Цзянсуға барлық көрсетілген тауар желісін экспорттай алатын мүмкіндігі бар.
«Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі» АҚ Қытайдағы өкілі Сергей Салманов бизнес-форум аясында шикізат емес экспортты дамыту жөніндегі ұлттық оператордың жаңа мәртебесі, сондай-ақ әзірленіп жатқан қолдаудың жаңа құралдары туралы, атап айтқанда экспорт операцияларына кепілдік беру туралы баяндама оқыды.
Экспорт операцияларына кепілдік беру арқылы қазақстандық экспорттаушыларға халықаралық тендерлерге қатысуға және қазақстандық тауарлардың, көрсетілетін қызметтердің/жұмыстардың экспорт мүмкіндігі жоғары нарықта болуын қамтамасыз етуге болады. Одан бөлек, бұл құрал экспорт мәмілелері бойынша төлем міндеттемелерін қамтамасыз ету ретінде ЭКА кепілдігін беру есебінен аванс төлемдерді алу кезінде импорттаушылардың қаражатын тартуды ынталандыратын болады. Бұл экспорттаушыға Агенттік кепілдігін банкке жүгінбей-ақ алуға мүмкіндік береді. Бұл жағдайда кепіл табу мәселесі қарастырылмайды.
Қазақстандық және қытайлық сауда ұйымдарының бірлескен күш-жігері экспорт көлемін ұлғайтуға және екіжақты экономикалық байланысты нығайтуға бағытталған. Инфрақұрылымды дамытып, сауда үшін қолайлы жағдай жасау арқылы қазақстандық кәсіпорындарға бәсекеге қабілетті өнім өндіруге және шетел нарығына шығуға жол ашылады.
Сауда миссиясы аясында кәсіпкерлер Цзянсу провинциясының ірі компанияларымен іскерлік келіссөздер жүргізді. Бизнес-кездесулер қорытындысы бойынша экспорттық келісімшарттар жасалмақ.
Айта кетейік, 2024 жылдың наурызында Қытайдың Сычуань провинциясының Чэнду қаласында өткен іскерлік миссиясының нәтижесінде қазақстандық және қытайлық тауар өндірушілер жалпы құны 239 миллион доллар болатын келісімге келген болатын.